Алакөлде су мотоциклі демалушының аяғын жұлып кетті

31.07.2023 21:34

1984 жылғы зардап шегуші ауруханаға жеткізілді

pexels.com

Алакөлде демалушының аяғын су мотоциклінің ескіші жұлып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға 30 шілде күні Жетісу облысы Алакөл ауданының Ақши ауылындағы көл жағалауында болған.

1984 жылғы зардап шегуші Алакөл ауданының ауруханасына жеткізілді. Оның сол аяғын жұлып әкеткен.

«Қазір науқастың жағдайы ауыр. Ол арнайы аппараттың көмегімен тыныс алуда. 1984 жылы туған пациент Алакөл аудандық ауруханасына 30 шілде күні сағат 16:10 келіп түсті. Алған жарақаты салдарынан пациенттің сол аяғы жұлынып кеткен. 3-4 сатыдағы травматикалық шок алған. Жедел түрде сол аяғына операция жасалды. 31 шілде күнгі мәлімет бойынша пациенттің жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр», - делінген Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция ҚР ҚК 344-бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.