Түркістан облысының полицейлері «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тұрғынның ауласынан 30 келіге жуық сора тәркіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткі еккендерге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтіп, облысқа қарасты барлық қала, аудандарда рейд жүргізіп, есірткімен айналысқан, оны сатқан және тасымалдаған құқық бұзушыларға қатысты жедел-алдын алу шараларын іске асырып жатыр. Мәселен, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғын үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген ер адамды ұстады.
Бұл жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша (“Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру“) қылмыстық іс қозғалды.
Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласындағы бау-бақшасынан 15 түп сора өсімдігін тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алды.
Сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес алынған түптер 30 келіге жуық «сора» есірткісі болып шықты. Күдікті міндеттемемен босатылды.
Қазіргі таңда осы іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеушілер ер адам сора есірткісін өзінің ауласында не себепті өсіргенін анықтайды.
«Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатынын ескертеді. Кей сәттері қылмыс жасап, заң бұзған адамның жазаланатынын біле тұра заңсыздыққа жол беріліп жатады. Есірткінің қоғам дерті екендігін естен шығармай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресуді күшейтуіміз қажет. Сондықтан сіз есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз, бірден полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз. Бұл, өз кезегінде, есірткіге байланысты қылмыстардың азаюына әкеліп, жолын кесуге септігін тигізедіс», – дейді құқық қорғаушылар.