Жамбыл облысында 12 жасар оқушыны мектеп әжетханасында зорлады деп айыпталған күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Қызға қол жұмсап, дәрменсіздігін пайдаланған қаскөй, енді 25 жылын темір тордың арғы жағында өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын 2019 жылдың 18-қарашасында Тараз қаласындағы №6 орта мектепте 7-сынып оқушысы зорланған болатын. Оқиға сабақ үстінде орын алған. 38 жасар Валиев есімді қылмыскер, оқу ордасының ауласына масаң күйде келіп, 1 сағат бойы мектеп сыртындағы дәретхананы бақылаған. Сол сәтте 7-сынып оқушысы география пәні кезінде дәретханаға сұранып шыққан. Сол жерде оны педофил зорлаған. Атышулы оқиғадан соң мектептің 12 қызметкері жұмыстан қуылды.
«Сол жерде қызды бірнеше рет жұдырығымен ұрған. Одан кейін шапалағымен бетінен ұрған. Небары 12 жастағы қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Айыпталушы одан өзге де сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер жасаған», – деді Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали КЕНЖЕБЕКОВ.
40 минут бойы хайуандық әрекет жасаған қылмыскер, жасарын жасап болған соң аула арқылы қашқан. Алайда мектептің бейнекамераларына түсіп қалған күдіктіні полицейлер тез арада қолға түсірді. Сот процесі кезінде сотталушы кінәсін толықтай мойындаған. Енді ол қос бап бойынша бас бостандығынан айырылып, химиялық кастрация жасалады.
«Айыпталушыға қатысты қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі (зорлау) және 121-бабының 4-бөлігі (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Алғашқы 5 жылын бір түрмеде өткізсе, одан кейін қауіпсіздігі барынша жоғары колонияға ауыстырылатын болады. Жазасын өтеу орнында алкоголизмнен, нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу, сонымен қатар химиялық кастрациялау түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалды», – деді Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали КЕНЖЕБЕКОВ.
Жазаға қоса, айыпталушы 5 000 000 теңге көлеміндегі моральдық шығынды өтеп беруге міндеттелді. Айта кетерлігі, сотталушының бұрын да істі болғаны анықталды. Қылмыскер 2000 жылы топтық зорлыққа қатысы бар деп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған.
Атышулы оқиғаның салқыны тек жәбірленуші отбасына ғана емес бірқатар басшыларға да әсер еткен еді. Білім басқармасының басшысы, қалалық білім бөлімінің басшысы сонымен қатар қала әкімі де қызметтен кетті. Полиция бөлімінің басшысы мен мектеп директоры, бас-аяғы оқиғаға жауапты саналған 12 адам жұмыстан шығарылған-ды.
Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов «Алматы» арнасы