Оқиға орнына 10 минуттың ішінде жеткен өрт сөндіру қызметінің мамандары қызыл жалынды бірден сөндірген
Бүгін елордада №53 қалалық жолаушылар автобусы өртенді. Бұл туралы «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Науат Азанбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін елордада Қабанбай батыр даңғылы бойындағы «ЭКСПО плаза» аялдамасында №53 бағытта қатынайтын қалалық автобустың моторы өртенді. Аялдамаға жақындаған сәтте жүргізуші автобустың артқы бөлігі түтіндеп жатқанын байқаған. Ол жедел барлық жолаушыны түсірген. Жүргізуші қауіпсіздіктің барлық шараларын қабылдай отырып, автобустың артқы бөлігін ашқан сәтте өртті көріп, бірден өрт сөндіру қызметін шақырған», - деді Н.Азанбаева.
Оның айтуынша, оқиға орнына 10 минуттың ішінде жеткен өрт сөндіру қызметінің мамандары қызыл жалынды бірден сөндірген.
«Жол оқиғасынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деді ол.