6 жасар Елизавета Пылаеваға қатысты қылмыстық тергеу ісі әлі де жалғасуда

28.05.2020 01:20

Бір жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза тапқан

almaty.tv

Алматыда бір жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза болған 6 жасар Елизавета Пылаеваның өліміне қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Алайда бірнеше рет сот сараптамасы жасалғанымен, күдіктілер анықталмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, қоғамдық резонанс тудырған мәселе неге нәтижесіз? Тергеу амалдарына көңілі толмаған марқұм қыздың туыстары не талап етіп отыр? 6 жасар Елизавета Пылаеваның осындай бақытты балалық шағы бір сәтте үзіліп кетерін кім біліпті. Сау жүрген қызын анасына қонаққа жіберемін деп, суық мәйітін құшағына басқан әкесі Александр Пылаев, Лизаның қазасына не себеп болғанын әлі түсінбей келеді.

«Ол жұлдыз секілді еді. Бір жерге барсақ, міндетті түрде бейтаныс адамдар қолына шоколад немесе моншақ ұстатып кететін. Қызым өте көпшіл, көңілді, керемет жан болатын және өмірді сүйетін! Енді, амал жоқ, уақытты кері қайтара алмайсың. Барлығы анасы мен туыстарының үйінде болды. Қалай болғанын, шындықты солар айтып берсін!» –  деді марқұм Елизавета Пылаеваның әкесі Александр ПЫЛАЕВ.

Марқұм Елизаветаға қатысты қылмыстық тергеу ісінде нақты дәлел де табылмапты. Бұған дейін Лизаның анасының туыстарының тергеуде айтқандары бір ауыздан шықпаған. Тіпті, жалған куәгер де табылып, тергеу амалдары бұрмалаушылыққа ұшырады дейді әкесі. Ал, қызының қазасына қатысты анасының тіс жармауында себеп бар дейді қорғаушысы. 

«Анасы баласын жоғалтса, бұл өте ауыр қайғы. Лизаның анасы әлі де ауыр психологиялық күйде, үнемі үйден шықпайды. Әрине, біздің тарапқа «Рыжаковтар отбасының тарапынан тергеу амалдарына қандай да бір әсер болды» деген жалған айыптаулар да болды. Бұл дұрыс емес. Өйткені Рыжаковтар әулеті де шындықтың беті ашылғанын қалайды», –  деді Марина Рыжакованың қорғаушысы Избулам АВУДОВ.

Оқиға 2019 жылдың 12 мамырында жан-жақты қоршалған, бақылау камераларымен қамтамасыз етілген жекеменшік үйде орын алған. Сұрақ көп, бірақ бір де бір қанағаттанарлық жауап жоқ дейді марқұм қыздың әжесі. Енді Елизаветаның туыстары мен қоғам белсенділері баспасөз отырысында бұл істі қоғамдық бақылауға алуды сұрады.

«Алматыда ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 42,5 пайызды құрайды. Бұл 2020 жылдың статистикасы. Яғни, қалада аса ауыр қылмыстардың 50 пайызында кінәлілер әшкереленбей қалады. Бұл сұмдық, түсінесіздер ме?»  –  деді «Не молчи kz» қорының өкілі Дина СМАИЛОВА.

«Мен Ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураға осы іске назар аударуын сұраймын! Егер қалалық Полиция департаментінде бұл қылмыстық тергеу амалдары тығырыққа тірелген болса, біз ведомствоаралық комиссия құруылуын талап етеміз. Оның құрамында міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталықтың, Ішкі істер миниистрлігінен құзырлы, жоғары санатты қызметкерлер болуын сұраймыз», –  деді марқұм Елизавета Пылаеваның әжесі Алла ПЫЛАЕВА.

Қылмыс болған уақытта жеке үйде барлығы 6 ересек туысы мен 14 жасар жеткіншек болған. Алайда, тергеушілер ешқандай күдіктіні анықмаған. Ал, марқұм қыздың туыстары қылмысты құзырлы органдар қолға алып, шындық ашылса дейді.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы»  телеарнасы