Оралда төрт бүлдіршінді балабақша жиһазы басып қалды

01.02.2024 21:44

Тәрбиеші құлап бара жатқан шкафқа ұмтылып, сәбилерді барынша қорғап қалған

elements.envato.com

Оралда балабақшада шкаф құлап, төрт бүлдіршін мен тәрбиеші жарақат алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 1 ақпан күні қаланың Солтүстік-шығыс шағынауданында «Сәби» балабақшасында болды.

- Жедел жәрдем сағат 11.30-да шақыртылып, бригада 8 минуттан кейін жеткен. Шкаф құлап, бес адам зардап шеккен, оның төртеуі – бала. Алдын ала мәлімет бойынша жамбасының жұмсақ тіні көгерген 1976 жылғы әйел қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тексергеннен кейін әйел амбулаториялық ем алуға жолданды. 2018 жылғы қыз балалардың денелері көгерген. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қаралғаннан кейін олардың жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан, амбулаториялық ем алуға үйлеріне жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.

Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған мәліметке қарағанда, балабақша басшылығы комиссияны қарсы алуға дайындалып жатқан. Шкафты қойғанмен, ол қабырғаға бекітілмеген. Тәрбиеші құлап бара жатқан шкафқа ұмтылып, тәрбиеленушілерін барынша қорғап қалған.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі ақпаратты кейін беретінін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Түкбілмес: Алматыда бүлдіршіндерге арналған қойылымның тұсауы кесілді