Алматы облысындағы тосқауыл бекеттердің бірінен ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тосқауыл бекеттерде қызмет атқаратын полиция қызметкерлері қылмысты ашу және алдын алумен, құқықтық тәртіпті қорғаумен белсенді айналысады. Алматы облысы Іле ауданы Покровка ауылындағы қосымша тосқауыл бекетінде төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Ұзынағаш ауылының 36 жастағы тұрғыны ұсталды.
“Ұсталған азаматты деректер қоры бойынша тексеру барысында, Ұзынағаш ауылында жасаған ұрлығы үшін Жамбыл аудандық полиция бөлімімен іздестіріліп жатқандығы және оның полициядан жасырып жүргені белгілі болды. Г. есімді азамат дереу полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, малдарды заңсыз тасымалдау, олардың құжаттарының болмауы, сондай-ақ ұрланған мал деректерінің анықталуы да тексерілуде. Осылайша, жергілікті жерлерде ұрланған ұсақ малдарды көрші ауылға апаруға тырысқан мал ұрылары ұсталды”, – деп хабарлайды Іле аудандық Молиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев. Өткен кезеңде Іле ауданы бойынша орналасқан тосқауыл бекеттерде барлығы жиырма мыңға жуық көлік құралдары тексерілді және Алматы қаласының аумағына бес мыңнан астам азаматқа кіруге рұқсат берілмеді.
Сонымен қатар, 26 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 18-і Қарасай аудандық сотының қаулысымен 5-тен 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алынды, екі адамға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
“Сондай-ақ, жеке дүкендердің үш иесі сағат 20:00-ден кейін сауда-саттықтарын жалғастырғаны үшін, әрқайсысы 10 АЕК мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тыйым салынған учаскелерде жеке тасымалмен айналысқан 31 жастағы азаматқа да дәл осындай айып тағылды”, – деп толықтырды полковник Күштибаев.