ТЖМ Қостанай облысы ормандарында өртсөндірушілер тілсіз жаумен қалай күресіп жатқанын көрсететін сурет, видео жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сағат 14.00-дегі ақпарат бойынша, М-36 республикалық тасжолы бойындағы 2 елді мекенде, сондай-ақ, орман аймағының 8 учаскесінде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілген.
Өрт сөндіруге 159 техника, 5 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1332 адам жұмылдырылған.
Су шашу үшін тікұшақтарға 25 шақырым қашықтағы табиғи су қоймасынан су алынады. Өрт сөндіру басталғаннан бері 65 рет су шашу жұмыстары жүргізілген.
Оған қоса ТЖМ жедел желісі ашылған, сонымен қатар, ТЖМ мен Қостанай облысы ТЖД психологтары жұмыс істеп жатыр.
ТЖМ жедел желісіне 25 қоңырау келіп түскен. Қостанай облысы ТЖД 2 психологы Әулиекөл ауданында халыққа шұғыл психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Қостанай облысы әкімдігі төтенше жағдай жариялау мәселесін пысықтап жатыр.
Айта кетейік, 3 қыркүйекте 16.00-ден бастап Озерное ауылын (8 тұрғын үй, 1 әкімшілік ғимарат), Лесное (1 тұрғын үй), Аманқарағай (98 тұрғын үй және шаруашылық құрылыс) тұрғын үй құрылыстарын, Аманқарағай мұнай базасы аумағын өрт шарпыған еді. Нәтижесінде 108 нысан бүлінген.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша 4 қыркүйекте Қостанай облысының Әулиекөл ауданы аумағында 28 градусқа дейін жоғары температура сақталады, жел жылдамдығы секундына 9 метрге дейін жетеді.