Атыраудағы Теңіз кен орнындағы жарылыстан 2 адам көз жұмды

07.07.2022 21:53

Зардап шеккен 3 адамға медициналық көмек көрсетіліп жатыр

baq.kz

Атыраудағы Теңіз кен орнында жойқын жарылыс болып, 2 адам көз жұмды. Тағы 3 жұмысшы зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыстық әкімдіктің ақпарынша, «Сенімді құрылыс» мердігерлік компаниясы мен оған тиесілі ұйым қызметкерлері кен орнында гидросынақ өткізіп жатқан. Кенет құбырдың қысымы көтеріліп, жарылған көрінеді. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов шұғыл кеңес өткізіп, марқұм болған азаматтардың отбасына материалдық жәрдем берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ зардап шеккен 3 адамға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Апаттың себептерін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, қылмыстық тергеу басталған.

«Ұзындығы 44 метр құбырдың ішкі қуысын гидростатикалық сынақтан өткізгеннен кейін және кептірген соң құбырдың бітеу фланцын алу бойынша жұмыстар жүргізілген. Фланцты алу кезінде құбырдың қатты қысымынан фланц үзілген. Нәтижесінде 5 адам зардап шекті», – деді  ҚР ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті атырау облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Сырым Жаймағамбетов.