Нәтижесінде 16 жолаушы зардап шекті
Павлодар облысының Бәйет ауылы маңында вахтамен жұмыс істейтін адамдарды тасымалдайтын автобус аударылды. Нәтижесінде 16 жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметіне сәйкес, 103 желісіне ірі жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама бүгін сағат 12:38-де келіп түскен.
«Қоңырау шалушылар Екібастұздан 25 шақырым жерде вахташыларды Атырауға алып бара жатқан автобус аударылғанын жеткізді. Оқиға орнына 5 жедел жәрдем бригадасы жөнелтілді», - деді станциядан.
Медицина қызметкерлері 14 минутта жеткен.
Автобуста барлығы 32 адам болған. Оның тең жартысы Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
«Жапа шеккен 19-53 жас аралығындағы ер адамдарда бассүйек ми жарақаттары, мидың шайқалуы, түрлі көгерулер мен сынықтар тіркелді», - делінген облыстық жедел жәрдем станциясы берген ақпаратта.
Облыстық Полиция департаменті жол апаты туралы әзірге мәлімет ұсынбады.