Батыс Қазақстан облысында ішімдік ішіп алған сегіз адам полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды Almaty.tv БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Бөрлі ауданы аумағында 17 мамырға қараған түні Бөрлі – Орал автожолында болған.
«Бөрлі ауылының тұсында облыстық патрульдік полиция батальонының инспекторлары ресейлік нөмірмен келе жатқан «Киа Соренто» автокөлігіне тоқтауға белгі берген. Алайда автокөлік полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, Қанай ауылына қарай жүрген. Артынша автокөлік тоқтап, ішінен мас күйінде 8 адам шыққан. Олар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, дене жарақаттарын келтірген», - делінген хабарламада.
Жедел шаралар барысында барлық күдіктілер анықталып, ұсталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 380-бабына (билік өкiлiне қатысты күш қолдану) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.