Алматы полициясы жаңа туған баласын сатқан әйелді ұстады

27.09.2019 21:58

Әйелдің 7 жастағы тағы бір баласы бар екені анықталды

Алматыда 23 жастағы әйел 1 айлық ұлын 400 мың теңгеге сатпақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық полицияның хабарлауынша, Әуезов ауданының тұрғыны, жас босанған әйел ақшаны алып жатқан жерінен ұсталды.

«Ол баласын сататыны туралы жақындарына хабарлаған. Клиент бірден табылған. Бұл ақпарат құқық қорғау органдарының құлағына да жетті. Келіншек кеше түнгі 23:00-дер шамасында Медеу ауданында баласын сатып 400 теңге алып жатқан жерінен ұсталды», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Данияр Мендебаев.

Нәресте балалар үйіне жіберілді. Ал анасы ҚР ҚК 135-бабының 1-бөлімімен жауапқа тартылады. Әйелдің 7 жастағы тағы бір баласы бар екені анықталды.

«Екінші баласын ол некесіз туған. Әйел өзінің істеген қылмысын мойындады. Ақша заттық айғақ ретінде іс материалына тіркелді», - деді подполковник Мендебаев.