Кедендегі заңсыздықтардан мемлекетке 165 миллиард теңге шығын келген. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлаайды Almaty.tv тілшісі.
Тек Қытаймен шекаралас бекеттердің өзінде тауарды жалған декларациялаудың 367 дерегі анықталған. Сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлар кәсіпкерлерді салықтан жалтарту үшін соңғы 2 жылда 221 миллиард теңгенің шот-фактураларын қолдан жасаған. Одан бөлек құны 800 миллион теңге болатын контрабанданың 16 фактісі тіркеліпті. Қазір осыларға қатысты тергеу жүріп жатыр.
«Антикор мен Бас прокуратураның бірлескен күшімен қылмыстық әрекетті имитациялаған прокуратура қызметкеріне 50 мың доллар пара бергені үшін «Нұр жолы» кеден бекетінің бастығы мен оның орынбасары ұсталды. Сондай-ақ тексерушілерге 30 мың доллар көлемінде пара бергені үшін Cargo Management ЖШС өкілі қамауға алынды», – деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Дархан Дүйсембай.