Телефон иесіне қайтарылған
Елорданың полиция қызметкерлері қала аумағында ұрлық жасау күдігімен 6 адамды ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Базар» жедел алдын алу шарасының үш күнінде полицейлер қылмыс жасау күдігімен 268 адамды тексеріп, олардың ішінде қылмыс жасау күдігіне іліккен 6 адамды анықтады, 2 қылмыс ашылды. Шара барысында полиция қызметкерлері қала базарларын тексеріп шықты. Ұялы телефондарды сатып алып, сатумен айналысатын 40 дүңгіршекті және телефон жөндеумен айналысатын 34 шеберхананы тексерді», – делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, «қылмыстық заттар« санатында 1800-ден астам ұялы телефон тексерілген. 9 телефон тәркіленіп, өндіріске алынған қылмыстық істерге қатысты материалдарға тіркелген. Сонымен қатар полиция қызметкерлері 2015 жылы Алматы қаласында ұрланған 1 телефонды тауып, иесіне қайтарған.
Операция барысында 20 адам, оның ішінде 5 адам «ұрланған телефондарды сатып алумен және сатумен айналысатын тұлғалар« санатына жіктелген.