ТЖО-дан шыққан өрт: Отқа оранған көлік иелері тергеу ісіне көңілі толмайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыдағы техникалық жөндеу орталықтарының бірінде өрт болып, салдарынан 20 автокөлік жанып кеткен еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сәтпаев көшесіндегі техникалық жөндеу орталығында жанып кеткен 20 көліктің иелері тергеу ісіне тәуелсіз сарапшыларды тартпақ ойы бар. Сөздерінше, бір апта өтсе де жауапты тұлғалар байланысқа әлі күнге дейін шықпаған. Орталық қожайыны болса, жауап беруден бас тартып қашып жүр дейді зардап шеккен азаматтар. Олар тиесілі өтемақы өндірілмей қалады деп күдіктенеді. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Еске салсақ, жақында ғана Алматыдағы техникалық жөндеу орталықтарының бірінде өрт болып, салдарынан 20 автокөлік жанып кеткен еді. Бүгін сол жағдайдан зардап шеккен азаматтар тергеу жұмысына шағымданды.  

Өрт осыдан бір апта бұрын болған. Өртенген аумақ дұрыс зерттеліп, тексерілмеді дейді көлік иелері. Олар жанып кеткен көліктерге өтемақы төленбейді деп қорқады. Себебі белгіленген тергеуші мен жөндеу орталығының иесі байланысқа шығуға құлықсыз көрінеді.

Сан соғып қалғандардың арасында Әлішер Айтмұқанов та бар. Ол көлігін өрт болардан бір күн бұрын сатып алып, машинасының майын ауыстырып, кейбір бөлігін жөндеу үшін осы техникалық орталыққа қалдырып кеткен. Енді тергеудің қалай жүріп жатқанынан бейхабармыз дейді.

«Біздің ісімізге жауапты тергеуші ешқандай әрекет етіп жатқан жоқ, ол қолы бос емес екенін айтып сұрағымызға дұрыс жауап бермейді. Оны бұл жерден көрген жоқпыз. Мен көлігімді 2 млн 870 мың теңгеге алдым, жөндеуге қосымша 200 мың теңгеге қосалқы бөлшектерін сатып алдым. Оның бәрі осында жанып кетті», – деді зардап шегуші Әлішер Айтмұқанов.

«Орталықтың иесін біз әлі көрмедік. Олар байланысқа да шықпай қашқақтап жүр. Бізге жалға алушылардың айтқаны бойынша қожайын ауруханада жатыр екен-мыс. Біз машинаны қарызға алғанбыз. Бағасы 9 миллион теңге, жолдасым осы көлікпен жұмыс істейтін. Енді көлік те жоқ, ал өзі уайымға салынып ауырып қалды», – деді зардап шегуші Оксана Яворская.

Ал осындағы жұмысшылар өрттің неден жанғанын айтып, тіпті өз көздерімен көргендерін айтады.

«Өрт көліктерді бояйтын камерада тұтанды. Мен оны өз көзіммен көрдім. Отты өшіруге тырыстық, бір ғана өрт сөндіргіш болғандықтан, отты бірден ауыздықтай алмадық», – деді техникалық жөндеу орталығының шебері Леонид Ким.

Енді жәбірленушілер істе ешқандай нәтиже болмаса, сотқа жүгінеміз дейді. Ал тергеу жұмыстарына тәуелсіз сарапшыларды тартуды ойластырып жатыр. Тергеуші болса, тексеру жұмыстары заң шеңберінде жүріп жатыр, деп қысқа қайырды.

«Тергеу жүріп жатыр, экспертизалар тағайындалды. Эксперттер барып бір айдың ішінде қорытынды шығарады ғой олар. Мен өткенде орын алғанда эксперттерді сразу тағайындап қойдым. Сарапшылар енді барып тексереді», – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының тергеушісі Мырзабек Асылбеков.

Нағыз жауаптылар төбесін көрсетпеген соң, біздің сұрақтарымызға орталықтың әкімшісі жауап берді.

«Басшылар қазір сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Тек содан кейін белгілі болады», – деді ТЖО әкімшісі Геннадий Филиппов.

«Кейбіреуінің әшейін сақтандыруы бар. Кәдімгі стандартты. Бұл жағдайда көп мәселені ескеруіміз керек. Оларға өтемақы алу үшін сотқа жүгінуі керек, біріншіден. Жарайды, сот қанағаттандырды деп айтайық олардың өтінішін. ТЖО төлеуге мәжбүр болады, бірақТЖО-ның жағдайы қандай? Оларда ақша жоқ шығар. Сондықтан екі жақтың да жағдайын қарастыру керек», – деді автосарапшы Олжас Оқас.

Автосарапшылардың айтуынша, бұндай жағдайда сот ісі ұзақ айға созылуы мүмкін. Сондықтан жаяу қалғандар қазірден бастап білікті заңгерлер мен адвокаттарға жүгінгені жөн.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров