Су тасқыны: Махамбет ауданында 300-ден аса азамат қауіпсіз жерге көшірілді

Almaty.tv
Almaty.tv
768 тұрғын өз қалауымен қаладағы туыстарына кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданының тұрғындары екі күннен бері шұғыл түрде қалаға көшіріліп жатыр. Өйткені ауыл ішіне тасыған су кіріп, қауіп төндірген. Қазір мұнда  төтеншеліктер мен сарбаздар тәулік бойы бөгет салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дабыл қағылған соң, Талдыкөлдіктер бірден жүгін жинап, жапа-тармағай эвакуацияланды. Бірнеше күннен бері су келеді дегенді естіген халық, «әбден үрейленіп қалдық» деп отыр. Аса қажетті деген құжат пен киім-кешегін ғана алған қараша қалаға қайық пен арнайы автобустармен жеткізілді.

– Таңғы сағат 8:00 шамасында сирена ойнады. Барлығымыз қауіпсіз жерге барып, жиналдық. Атырауға келдік. Сөмкемізді алдын ала дайындап отырдық, – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Гүлзира Кәбенова.

300-ден аса азамат қауіпсіз жерге  көшірілген. Оларға барлық жағдай жасалды. Ал 768 тұрғын өз қалауымен қаладағы туыстарына орналасқан. Талдыкөл ауылында 1215 түтін бар. Оларды эвакуациялауға қырықтан аса сарбаз жұмылдырылды. Ал тәртіп сақшылары тұрғыны түгел эвакуацияланған ауылды бақылауға алды.

– Атырау мен  Махамбет, Индер аудандары қауіпті болып саналады. Желдің соғуы да судың көтерілуіне әсер етіп отыр. Соған қарамастан, бөгет соғу, нығайту, жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазір жағдай бақылауда. Қосымша резервте де құтқарушылар, сарбаздар дайын тұр. Барлық қауіпті аумақта қоршау бар, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Шариев.

Махамбет ауданында 30 900 тұрғын  тұрады. 9 ауылдық округ, 21 елдімекен бар. Соның 17-сі Жайық жағасында орналасқан. Атырау қаласындағы гидробекетте су 2 см көтерілді, судың деігейі 597 см. Ал Махамбет және Индер аудандарында Жайықтың деңгейі төмендеді. Өткен аптада нөпір су жарып өткен Соколок каналындағы жаға бекіту жұмыстары да қарқынды жүзеге асып жатыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Жайық өзеніндегі су деңгейі өзгерді

Новости партнеров