Ақмола облысында 75 жастағы әжейді зорлаған қарақшы сотталды

27.11.2019 в 22:41

32 жастағы ер адам кейуананың үйіне баса-көктеп кіріп, тонамақ болған

Ақмола облысының Целиноград аудандық соты 75 жастағы зейнеткерді зорлаған ер азаматты 11 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Не молчи" қорының әлеуметтік парақшасында баяндалған оқиға Жібек Жолы ауылында орын алған. 32 жастағы ер азамат кейуананың үйіне баса-көктеп кіріп, тонамақ болған. Үйде әжейді көріп қалған ол ізін жасыру үшін ұрып-соғып, зорлыққа көшкен.

"Есінен танғанша ұрып, ауыр соққылар жасаған. Кейуананың көздерін мыжып, бір сағаттан астам қинаған. Қария келесі күні таңғы сағат 08.00-де әрең есін жиып, бауырына хабарласыпты. Ол өз кезегінде полицияға қоңырау шалған. Тәртіп сақшылары кейуананы ауыр жарақат алып, тұра алмай жатқан жерінен тауып, жедел түрде ауруханаға жеткізіпті. Оқиға салдарынан әжейдің көзіне қатты зақым келген, талып қала береді",  - деді қор қызметкерлері.

Сот қатігездік іс-әрекеті үшін кінәлі азаматты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда жаза  әлі ресми күшіне енген жоқ.

Теги: Ұры әже