Bek Air ұшағының апаты: Жерді заңсыз сатқандарға қатысты үкім шықты

13.05.2021 00:05

Тергеу барысында 5 шенеунік пен 1 риэлтор күдікке ілінді

Фото: lenta.ru

Бүгін Bek Air ұшақ апатына қатысты сот отырысына нүкте қойылды. Алматы әуежайы маңындағы жер телімдерін саудалады деп айыпталған риелтор мен 5 экс-шенуніктің бәрі де кәнәлі деп танылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сот үкіміне сәйкес, бұрынғы 3 мемлекеттік қызметшінің бас бостандығы шектелсе, қалғандары  2 жарым жылдан 4 жылға дейін сотталды.

1,5 жылға созылған тергеу барысында өзіне тағылған айыпты сол күйі мойындамаған Нұрайым Алданыш 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот 2016 жылы жарияланған рақымшылыққа байланысты жазаны жеңілдетті. Одан бөлек, 2 экс-шенеунік пен риелтордің қолына сот залында кісен салынды.

«Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің «алаяқтық жасады», «жер бөлу қаулысын заңсыз дайындады» деген айыппен Рустам Тұрысбеков 4 жыл бір айға, Қайрат Алтынбекұлы 3 жылға, ал, Нұрайым Алданыш 2 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтесін», – деді Талғар аудандық сотының судьясы  Ілияс Мұхадиұлы.

Ал, қалған бұрынғы 3 мемлекеттік қызметші Медеу Қалыбеков, Берік Абдуалиев, Жарыс Мәшімбаев 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығы шектеліп, үй қамаққа алынды. Енді олар 7 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.  

«Осыған дейін судьядан Нұрайым Алданышты ақтауын сұрап, бірнеше дәйектемелер мен негіздемелерді ұсынған едік. Тергеу барысында сот оның бәрін жоққа шығарды. Алдағы уақытта аппеляциялық шағым түсіретін боламыз», – деді Н. Алданыштың адвокаты Азамат Байкенов.

Еске салайық, 2019 жылы ұшақ құлаған Гүлдала елдімекеніндегі жерлер тек егін егу мақстанда пайдалануға рұқсат берілген. Оны 6 адам талан-таражға салып заңсыз сатты деп күдікке ілінген болатын.  

Жерге қатысты ешқандай құжат рәсімдемегенін айтқан Нұрайым Алданыш сот үкімімен келіскісі жоқ. Енді оның қорғаушысының апеляциялық шағым түсіруіне тура екі аптаға ғана уақыты бар. Қайта қарауға ұсынғаннан кейін кәмелетке толмаған екі баланың анасы Нұрайым Алданыштың жазасы тағы да болса жеңілдей ме деген ниетте. Еске салайық, 2019 жылы Алматы маңында Bek Air әуе компаниясы апатқа ұшырап, 12 адам көз жұмған еді.