Қытайда есірткі саудалады деген күдікпен қазақстандық бойжеткен ұсталды

11.03.2019 22:14

Қытайда есірткі саудалады деген күдікпен ұсталған отандасымыз Юлия Ходевамен бас консулдық маманы апта соңында кездеседі

ЛАДА

Қытайда есірткі саудалады деген күдікпен ұсталған отандасымыз Юлия Ходевамен бас консулдық маманы апта соңында кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Еске салсақ, 27 ақпанда Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында «Есірткі заттарын сақтады және таратты» деген күдікпен отандасымыз тұтқындалған еді. Бойжеткен қазір уақытша оқшаулау изоляторында. Соңғы алты жылда көршілес елде білім алып келген Юлияның оқуын бітіруіне бірнеше ай қалыпты. Басы былыққа ілінген азаматшаның қос сіңілісі де сонда тәлім алып жатқан көрінеді. Қызының жағдайы туралы ата-анасы да хабардар. Консулдық тарапынан оларға қорғаушы ұсынылған деді ресми өкіл.

«Қазіргі таңда Қытай азаматы оның адвокаты ретінде жалданып, әке-шешесімен байланыс орнатылды. Біздің Шанхайдағы бас консулдық бұл мәселені бірінші күннен бастап бақылауына алды. Аптаның соңына дейін біздің консул уақытша оқшаулағышқа барып, Юлиямен кездесуді жоспарлап отыр», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.

Айта кетейік, Қытайда есірткі сақтап, саудалаған әрі тасымалдаған жерінен қолға түскен бұл алғашқы жерлесіміз емес. Осыдан бес жыл бұрын Ақжарқын Тұрлыбай есімді бойжеткен де көршілес елде тыйым салынған затпен ұсталған еді. Сол уақыттан бері темір торға қамалған 25 жастағы азаматшаны ел дипломаттары Қазақстанға қайтару мәселесімен әлі де айналысып жатыр.