Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров энергетика кәсіпорындарын техникалық аудиттен өткізіп, жылу электр орталықтарының иелерін жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Депутаттың айтуынша, энергетика саласының басты проблемасы – магистральді желілердің тозуы. Мәселен, Екібастұзда желілер 91%-ке тозған. Ал олигархиялық топтар Жылу электр орталықтары мен магистральды желілерді жаңғыртуға ақша құйғысы келмейді.
"Олигархиялық топтар бұл объектілердің пайдасын сүліктей сорып, енді проблеманы мемлекетке, халыққа ілмекші. "AMANAT" партиясы халықтың мұң-мүддесі, әрбір азаматтың жан тыныштығы басты мақсат деп есептейді! Сол себепті үкімет президент тапсырмасы аясында мына мәселелерге баса назар аударуы қажет деп есептейміз!", - деді Сайыров мәжіліс отырысында.
"2015-2022 жылдары жылу жүйелеріне әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 183 млрд теңге бөлінген. Осы соманың қайда және қалай жұмсалғанына тексеріс жүргізу маңызды. Жалпы энергетика саласына, стратегиялық сала болғандықтан, қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты көңіл бөлу қажет", - деді депутат.