7 рет түрмеде отырған: Алматы облысында үй тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

7 рет түрмеде отырған: Алматы облысында үй тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында талайдан бері үйлерді тонап келген қылмыстық топ ұсталды. Сұғанақтар өткен демалыс күні Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қайназар ауылындағы кезекті баспананың мүлкін ұрлап жатқанда қолға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Тексеру барысында ұсталғандардан 3 жұп қолғап, шетелдік валютадағы және ұлттық валютадағы ақша тәркіленді», – дейді полиция өкілдері.  

Баукеспелерден қомақты ақшадан бөлек, аңшы мылтығы, зергерлік бұйымдар, сондай-ақ қылмыс жасауға пайдаланған бетперде мен өзге де құралдар тәркіленді. Белгілі болғаны, 4 адамнан құралған қылмыстық топ Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарын зар илеткен. Олар Есік, Қайназар, Еңбек және Ават ауылдарындағы үйлерді тонап, жәбірленушілерге миллиондаған теңге материалдық шығын келтірген көрінеді.

Полицейлердің айтуынша, бұл сұғанақтардың 15-тен астам ұрлыққа қатысы бары дәлелденген. Тергеу барысында күдіктілердің бірі кісі өлімі мен ұрлық жасағаны үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болса, екіншісінің тіпті жеті рет сотты болғаны анықталды. 20 жылға жуық темір торда отырса да, ескі әдетінен арылмаған әккі ұры бұл жолы да үй тонағанын ашық мойындады.

«– Ақша, қару ұрладым. – Тағы не ұрладыңыз? – Сейф тонадым. – Бұрын жауапкершілікке тартылғансыз ба? – Тартылғанмын. – Неше рет? – Жеті рет. – Жалпы түрмеде неше жыл отырдыңыз? – Жиырма жылдан асады...», – деп әккі ұры еш саспастан жауап берді.

«Қылмыстық топтың бұдан өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Қолға түскендердің екеуі, яғни бұған дейін бірнеше рет сотты болғандары қамауға алынды. Ал қалған екеуі елден шықпау туралы қолхатпен босатылды. Қазір қылмыстық кодекстің 188-бабына сәйкес «Ірi мөлшерде жасалған ұрлық» дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы ПБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі Леонид БОРОВЛЕВ.


Новости партнеров