«АрселорМиттал Теміртау» зауытындағы болған қайғылы оқиғадан кейін компанияның екі қызметкері мен еншілес компанияның басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өткен жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті оқиға болған ғимаратты тексеріп, жұмыс мақсатында пайдаланбау туралы бұйрық шығарған. Тек жөндеу жұмыстарын жүргізуге ғана рұқсат берілген. Естеріңізге салайық, 10 маусымда кәсіпорынның ұстахана цехындағы №9 пеш күмбезі құлап, төрт жұмысшы қайтыс болып, тағы біреуі ауруханаға жеткізілген болатын.
«Тергеу шаралары жүріп жатыр. Жалпы атап өтер болсақ, «АрселорМитталға» қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мәселелер бар. «Абай» шахтасындағы өткен жылғы қайғылы жағдай есімізде. Онда да қауіпсіздік техникасын сақтауға қатысты сұрақтар туындады. Бұл мәселелер уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады, бірақ мойындау керек: зауыт 60 жыл бұрын салынған, көптеген агрегат пен активті тез арада қосымша жөндеу қажет», – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.