Кінәлі адам анықталса, келтірілген материалдық шығын толығымен мойнына жүктеледі
2 апта бұрын Алакөл жағалауында тұтанған өртке қатысты Төтенше жағдай министрлігі түсінтеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, аумақтағы жел мен құрғақ ауа райы көл жағасында қызыл жалынның тез таралуының себеп болған. Тілсіз жау салдарынан 4 демалыс орнындағы 17 нысан жанып кеткен. Адам шығыны жоқ. Қазіргі күні Алакөлдегі өрт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қажетті тергеу шаралары жүріп, өрт сөндіру зертханасы іске қосылған. Айта кетерлігі, тергеп-тексеруден кейін өртке кінәлі адам анықталса, келтірілген материалдық шығын толығымен мойнына жүктеледі.
«Ондағы үйлер ағаштан жасалғандықтан өрт тез таралып, аумақты шарпып үлгерді. Жалын 3 мың шаршы метрге жеткен. Бізге түскен ақпарат бойынша, зардап шеккендер ресми түрде тіркелген жоқ. Бірнеше адам жақын маңдағы медициналық мекемелерге хабарласқан, бірақ олар зардап шекпеген. Ешкімді күйік шалмады», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов.