Ақтөбеде тағы да жасөспірімдер төбелесті. Кикілжіңнің салдарынан 17 жасар бозбала пышаққа түсіп қалды. Абырой болғанда, ол дін аман. Қазір жасөспірім облыстық балалар клиникалық ауруханасында жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Гуманитарлық колледждің оқытушылары мен студенттер қазір аң-таң күйде жүр. Ең үлгілі оқу озаттарының бірін бәзбіреулер тапа-тал түсте пышақтап кеткен. Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің берген дерегінше, қылмыс күндізгі сағат төрттер шамасында орын алған. Оқыс оқиға үшінші курс студенті оқуға бара жатқан кезде болған. Тәртіп сақшылары істің қалай болғанын бүге-шүгесіне дейін айтпай отыр. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр
«29 қаңтар күні облыстық клиникалық балалар ауруханасына пышақ жарақатын алған 2001 жылы туылған кәмелеттік жасқа толмаған бозбала келіп түсті. Аталған факт бойынша 2002 жылғы кәмелеттік жасқа толмаған азамат ұсталып отыр. Ол да қаладағы колледждердің бірінде оқиды. Сөзге келіспей қалған соң, жасөспірімдер арасында төбелес орын алған», – деді Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Ерболат САРҚҰЛОВ.
Ақ халаттылар бозбаланың ішіне, аяғы мен қолына пышақ сұзғылғанын айтады. Айтуларынша, қазір оның жағдайы қалыпты. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Байғанин ауданынан келіп білім алып жатқан студент Ақтөбеде туыстарының үйінде тұрып жатыр екен. Ал колледж оқытушылары үлгілі баланың жанжалдасып қалғанына әлі де сене алар емес
«Зиянды әрекет не болмаса басқаша тәртіпсіздік көрсеткен емес. Біз оны білеміз. Өйткені, бізде ер бала аз. Сондықтан бәрін алақанымыздай білеміз. Фамилиясымен, атымен балаға берілетін мінездеме бізде дайын», – дейді гуманитарлық колледж директорының орынбасары Гүлбаршын ЖИЕНҚҰЛОВА.
Қазір пышақ жарақатын алған бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал оны пышақтаған күдікті ұсталған. Оқиғаға байланысты қаладағы барлық орта, арнаулы, жоғары оқу орындарында бақылау күшейтілді. Студенттік жатақханалар да жіті назарға алынған.
Бұл осымен Ақтөбеде жыл басынан бері орын алған үшінші оқиға. Еске сала кетейік, жасөспірімдердің арасында болған кикілжіңнің бірі қайғылы жағдаймен аяқталған болатын. Шалқар орта білім беру мектебінің 10 сынып оқушысы алған пышақ жарақатынан мерт болды. Оқушылар арасында жиі төбелес орын ала бастаған соң, еліміздің Ішкі істер министрлігі жақын арада ведомствоаралық отырыс өткізбек.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе