Ақтаудағы кәмелетке толмағандардың жаппай төбелесі видеоға түсіп қалды. Оқиға 12 қараша күні сағат 14:00 кезінде болған, деп хабарлайды sputniknews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жасөспірімдердің аты-жөні анықталғанын хабарлады.
«Төбелес кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Ауруханаға ешкім бармады. Бәрін тексердік. Төбелеске қатысқандардың бірде-бірі есепте тұрған жоқ. Ақтаудың кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі полициясы жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмысын жүргізді», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекстің 435-бабы (кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық) бойынша хаттама толтырылған. Бұл бап бойынша бұзақылық жасағандардың ата-аналарына жеті айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл шамамен 17 650 теңгеге жуық.
Материалдар Ақтау әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға беріледі.