11 сәуір күні Алматы қаласының Медеу ауданында ағаштан салынған тұрғын үй өртенді. Жалпы аумағы 290 шаршы метрге жеткен өртті сөндіру үшін өрт сөндірушілерге жанып жатқан ғимараттың ішіне кіруге тура келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Төтенде жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ТЖД пультіне Медеу ауданынан өрт туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер сағат 13:19-да жедел түрде оқиға орнына, яғни Найманбаев көшесі, 37 мекенжайға жеткен кезде, ағаштан жасалған екіқабатты жеке тұрғын үй шатырының жанып жатқанын көрген», - делінген ведомство хабарламасында.
Өрт сөндірушілер аумағы 290 шаршы метрлік үйдегі өртті сөндіру жұмыстарына кіріскен. От жалыны қатты болғандықтан, өрттің жеке ғимараттарға ауысу қаупі туындаған.
«Дереу өртті сөндіру және адамдардың бар-жоғын тексеру үшін өрт шыққан үйдің ішіне барлық бағыттағы газ және түтіннен қорғау қызметінің 4 буыны жіберілді. 2 өрт оқпаны құрылысты қорғауға, 4 өрт сөндіру оқпаны жанып жатқан үйді сөндіруге берілді», - делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер үйдің жартысын қорғауға және жалынның 6 метр қашықтықта орналасқан көрші ғимараттарға өтуіне жол бермеді.
Өртті сөндіруге 37 адам мен 8 техника жұмылдырылды. Өрт бір сағаттан аз уақыт ішінде ауыздықталып, сағат 14:47 минутта толықтай сөндірілді.
Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.