Жабайы аю ер адамға шабуыл жасады

19.05.2020 22:30

Ярославль қаласында түнгі уақытта болған бұл оқиға бейнебақылауға түсіп қалған

© Лев Федосеев/ТАСС

Ресейде жабайы аю ер адамға шабуыл жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ярославль қаласында түнгі уақытта болған бұл оқиға бейнебақылауға түсіп қалған. Видеода жаяу келе жатқан азаматқа кенеттен шабуылдаған аюды байқап қалған такси жүргізушісі бірден көлік жарығын жағып, сигнал бергенде, үркіген жануар қашып кетеді. Ер адам бірден ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген. 

Ал, жасаған батылдығы үшін жүргізуші такси қызметінің ақшалай марапатына ие болыпты. Аталмыш оқиғаның Дзержинский ауданында орын алғанын және жарақат алған азаматтың жағдайы қазір жақсы екенін аймақтық денсаулық сақтау департаменті растап отыр. Ізі суымай, жақын маңнан табылған жануарды қорықшылар атып тастаған. Алдағы уақытта аюға құтыру ауруына сараптама жасалатын болады.