Шымкенттік әйел 6 баланы өрттен аман алып шықты

26.12.2023 00:38

Оның айтуынша, көршісі, жалғызбасты ана перзенттерін қалдырып, жұмысқа кеткен

elements.envato.com

Шымкентте саяжайдағы үйлердің бірі ішінде қараусыз қалған 6 баламен қоса өртене жаздады. Түн ішінде жер үйден шыққан түтінді көрші келіншек көріп, көмекке ұмтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өзі шынашақтай болса да, шымкенттік Марина Гафарованың рухы мықты. Төрт баланың анасы қақаған қыста жалын ішінен көршісінің 6 перзентін алып шыққан. Ата-ана қарауынсыз қалған балақайлардың алдымен шырылдап жылаған дауысын естідім деген ол ойланбастан сол жаққа ұмтылғанын айтады.

– Көшеге шығып, кішкентай 10 айлық баланың дауысын естимін. Оның ағасы 10 жасар бала жанып жатқан жерден 10 айлық баланы көтеріп шыққан. Бірақ жанып жатқан жерден қашпаған, бала қорқып қалған.  Үш метр қоршаудан секіріп, 2 баланы сыртқа шығардым. Үйдің ішіне қайта кірсем, түтіндеп жатыр. Газ баллон тұр, бірер секундта жарылуы мүмкін. Тез арада кім барын білдім. Он екі жасар бала бар екен, алып шықтым, – деді қала тұрғыны Марина Гафарова.

Осылайша, үйде қалған 4 баланы терезені сындырып, шығарып алған. Оның айтуынша, көршісі, жалғызбасты ана перзенттерін қалдырып, жұмысқа кеткен. Ал кәмелет жасына жетпеген балақайлар үйде қалатын көрінеді. Олардың ең кішкентайы - 10 айлық.

– Өрттің шығу себебі - балалардың отпен ойнаған. Көрсеткен ерлігі үшін департамент басшылығы атынан Марина ханымды департаментке шақырып, сый-құрмет көрсетіп, марапаттадық, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Батыр ана жайма базарда керек-жарақ сатса, науқас күйеуі жалдамалы жұмысшы екен. Ешкімге алақан жаймаймыз деген Марина Гафарованың кенжесі 7 айлық. Батыр ана өрттен көрші үйдің балаларын ғана емес, құжаттарын да алып шыққан.

Оразай Нұртай, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығындағы өрттің себебі анықталды