Алматыда букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күдіктілер 1989, 1992, 1996 жылғы үш ер адам. Оның екеуі - Қарағанды облысының тұрғындары, тағы біреуі - Өзбекстан Республикасының тумасы. Осы істің фигуранттарын алматылық құқық қорғау органдары қызметкерлері Қарағандыдан ұстады.
«Қазіргі уақытта күдіктілер тергеу шараларын жүргізу үшін Алматыға жеткізілді және қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр», - делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, Алматыда букмекерлік кеңсені тонау әрекеті видеоға түсіп қалған. Ұрылар мекемеге кіре салып, күзетшіні ұрып-саққан. Алматыда тонаушылар оңдырмай сабап тастаған букмекерлік кеңсенің күзетшісі Қайрат Елтімбаев шабуылдағандардың бірімен таныс екенін мәлімдеді.
37 жастағы ер адамның айтуынша, шабуылдаған үшеу күзетшінің қайда екенін бірден біліп, соған беттеген. Қаскөйлер қызметкерді темірмен ұрып, басын жарған. Елтімбаевтың қолы сынып, миы шайқалған. Басындағы бірнеше жараны дәрігерлер тіккен.