Жұмбақ өлім: Ақтөбеде көз жұмған жеткіншектің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

12.04.2024 22:37

8-сынып оқушысы түнгі сағат 10:00 шамасында кенет есінен танып, құлап қалған

Almaty.tv

Ақтөбеде жұмбақ жағдайда көз жұмған 14 жастағы жеткіншектің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы жайт кеше Есет батыр атындағы олимпиада резерві облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің жатақханасында болған. 8-сынып оқушысы түнгі сағат 10:00 шамасында кенет есінен танып, құлап қалған. Тәрбиеші бірден жедел-жәрдем шақырғанымен, бала ауруханаға бара жатқан жолда жан тәсілім етіпті. Қазір оқу орнында тексеру жүріп жатыр. Жергілікті Полиция департаменті «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Міндетіне немқұрайлылық танытқаны үшін оқу ордасының қызметкерлері де жауапқа тартылуы мүмкін.

Айта кетейік, марқұм егіз сыңарымен бірге спорт мектебіне бір жыл бұрын оқуға түсіп, еркін күреспен айналысқан. Енді жеткіншектің қалай мерт болғаны сараптамадан кейін белгілі болмақ.

Сағат 22.00-де балалар ұйықтайды, оқиға сағат 9.30-да болды. Тәрбиешілер кесте бойынша орнында болған. Бала құлаған кезде тәрбиешісі алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Оның сертификаты бар, жаттықтырушы. Бала  бұрын ауырмаған, – деді Есет батыр атындағы олимпиада резерві облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Қайрат Әжібағамбетов.

Оқи отырыңыз: Мектеп жоқ: қала іргесіндегі елдімекен өркениеттен неге жұрдай