Тараздағы жарылыс: полицейлер жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды

27.02.2019 22:37

Тұрғын үй қабырғасының қисайып, жарылыс салдарынан 20-ға жуық адам қаза тапты деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді

Бүгін Таразда болған жарылыс салдарынан 20-ға жуық адам қаза тапты деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды АImaty.tv тілшісі Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желілер мен «whatsapp» мессенджерінде бүгін таңертең Тараз қаласының ықшамаудандарының бірінде орын алған оқыс оқиға бойынша жалған мәліметтер таратылуда. Атап айтқанда, тұрғын үй қабырғасының қисайып, жарылыс салдарынан 20-ға жуық адам қаза тапты деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - делінген хабарламада.

Ресми ақпарға сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Ал алты адам түрлі дәрежеде жарақаттар алған. Зардап шеккен алты адамның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ 300-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.