Қазіргі уақытта орман өрті толықтай сөндірілді
Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ормандарының біріне жай түсіп, өрт шықты, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасыл ауылынан бес шақырым қашықтықтағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында орналасқан Жалайыр орман шаруашылығының 24 кварталында 0,08 гектар орман алқабы отқа оранды.
Щучинск қаласының өрт сөндіруші бөлімінің отряды мен ұлттық парк қызметкерлері өртті сөндірді. Тұтанған орманның айналасын қазылып, өрттің одан әрі жайылып басқа жасыл желекті жалмап кетпеуі барынша бөгет жасалды.
«Орман алқабына найзағай түсіп, соның салдарынан бірден тұтанған. Оны орман ішінде ағаштардың біріне найзағайдан түскен күйген сызықтардан байқадық. Өрт күндізгі 11:25-те өшірілді. Адамдар зардап шеккен жоқ. Материалдық шығын келтірілген жоқ», - дейді Бурабай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Бабаев.
Орман алқабындағы өртті сөндіруге «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 12 қызметкері мен үш техника бірлігі, Жалайыр орман шаруашылығының қорықшылары мен Бурабай аудандық өрт сөндіру бөлімінің 15 қызметкері мен екі техникасы жұмылдырылған. Қазіргі уақытта орман өрті толықтай сөндірілді.