Оған тұрмыстық жанжал себеп болған
Алматыда экс полицей Азамат Берістемов әріптесі әрі күйеу баласына оқ атқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қанды оқиға былтыр Алматы қаласы әкімшілік полициясының көлікжайында орын алған еді. Белгілі болғандай, қайын ағасы мен күйеу баласы қызмет бабында кездесіп қалған. Кезекшілікке түсіп, қолына қару тиген Азамат Берістемов әріптесі Сәбит Бегланұлын оңаша шақырып алып, басынан оқ атқан. Оған тұрмыстық жанжал себеп болыпты. Алайда жәбірленуші тарап шыққан үкімге келіспей отыр.
«Сот Берістемов Азамат Бердібекұлын кінәлі деп тауып, ҚР Қылмыстық кодексінің 99- бабының 1- тармағына сәйкес 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтесін. Істе сот барлық дәйектерге сүйенді. Заң бұзушылық отбасылық араздық салдарынан болғаны ескеріліп, тиісті деңгейде баға берілді. Қылмыстық істі қарау кезінде қосымша психиатр, психологиялық сараптама тағайындалды», – дейді Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан БОЛАТОВ.