Ақтөбеге Қонаев қаласынан жылжымалы көпір жеткізілді

09.04.2024 00:07

Платформа 50-60 адамды көтеріп, 40 тоннаға дейінгі жүктерді тасымалдай алады

Almaty.tv

Ақтөбе облысы Ойыл ауданынан тұрғындар әскери жылжымалы көпірмен құтқарылып жатыр. Халықты су тұзағынан құтқару үшін билік жылжымалы понтон өткелін ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арнайы техниканы Қорғаныс министрлігі Қонаев қаласынан алдыртқан. Платформа 50-60 адамды көтеріп, 40 тоннаға дейінгі жүктерді тасымалдай алады.

Бұған дейін Ойыл ауданындағы 15 мыңнан астам адам қарғын судың кесірінен қоршауда қалған. Су екпіні елдімекендегі орталыққа қатынайтын жалғыз көпірді қиратып, ауылды оқшауландырып тастаған. Су басқан ауылдарға гуманитарлық көмек 4-5 моторлы қайықпен жеткізілген.

– Екі күннің ішінде 400-ден астам адамды екі жағаның ортасынан өткел жасап өткізіп жатырмыз. Біздің алып келген әскери техникамыз 60 тонналық өткелді жасауға мүмкіншілігі бар. Адамдарды, гуманитарлық көмекті, заттарын арғы жағадан  Ойыл ауылына өткізіп жатырмыз, – деді 58012 әскери бөлімі батальоны командирінің орынбасары Айдос Бақытбеков.  

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Ақтөбеде 76 адам уақытша орналастыру орындарына жайғасты