Алматыда соңғы бес айда жемқорлыққа қатысты 261 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның ішінде 53-і пара алса, екеуі қызметін асыра пайдаланған. Көрсеткіш көңіл көншітпегенмен сала мамандары алдын-алу шараларын жүйелі жалғастырып отырғанын айтты. Түсіндіру жұмыстары барлық мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында жүргізілген. Соңғы бес ай нәтижесіне сәйкес, жемқорлық фактісін хабарлаған 4 адамға 704 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілген. Сондай-ақ, мамандар биыл алғаш рет көпшілік назарына «Парасаттылыққа 5 қадам» атты кітапша ұсынды. Бұл мемлекеттік қызметшілерге арналған әдістемелік нұсқаулық.
«Алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кітапшасын ұсынып отырмыз. Онда қылмыстық кодекс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалары мен ондағы заңның жиі кездесетін мысалдары қарапайым түрде жазылған. Кітапшадағы ережелер иллюстрациямен түсінікті тілде бейнеленген. Бұл материал тек қызметкерлерге ғана емес, барлық азаматтарға қызықты болатынына сенімдіміз», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат.