Астанада құрылыс алаңында биіктен құлаған үшінші альпинист көз жұмды. 24 жастағы жігіт ауруханада жантәсілім еткен. Ал тағы бір науқастың жағдайы тым ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көз жұмған 24 жастағы жігітті аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше күн күрескен еді. Бірақ науқастың ішкі ағзасы қатты зардап шеккен. Биіктен құлаған 4 альпинист бір арқанға байланып, сол үзілгеннен кейін төртеуі бір мезетте құлады деген болжам айтылған еді. Өнеркәсіптік альпинизммен 8 жылдан астам уақыт айналысып жүрген Медет Әлиақбаров Астанадағы құрылыс алаңының 80 пайызында қауіпіздік шарасы сақталмайтынын айтты.
– Астана қаласындағы тұрғын үйдің 80 пайзында альпинистер арқанын ілетін ілмек жоқ. Жұмыс берушілер еңбегіңді арзан бағалайды, – деді өнеркәсіптік альпинист Медет Әлиақбаров.
Маманның айтуынша, өнеркәсіптік альпинистердің жабдықтарын сатып алуы үшін 2 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Кейбір мамандар мұндай сома жұмсамай, ақшаны үнемдегеннің кесірінен оқыс оқиға болып жататынын айтады. Ал құрылысшылар одағының мүшесі Вячеслав Лазаревтың айтуынша, Астанада альпинистердің қауіпсіздігіне бей-жай қарайтын мердігер көп.
– Әрине, адамның қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек. Құрылыс нысандарында альпинистердің арқаны ілінетін ілмек міндетті түрде орнатылуы керек деген норма жоқ. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, егер мамандардың өміріне қауіп төніп тұрса, мұндай ережені бекіткен дұрыс. Үйді қолданысқа беретін кезде жауапты орган осыны ескеруі қажет, – деді Құрылысшылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Вячеслав Лазарев.
Вячеслав Лазаревтың айтуынша, мердігерлерге ілмекті орнатпай кеткеннен пайда жоқ. Тіпті сол арқылы ақша үнемдеу дегенге сену қиын. Ілмек орнату нормасының жоқтығынан мәселе туындап отыр. Сондықтан маман еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жаңа ереже бекіту керек екенін айтты.
Астанада биіктен құлаған 4 жігіттің оқиғасы бойынша қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс те қозғалған. Тіпті, әкімдікке қарасты арнайы комиссия құрылған. Ал ауруханаға өлім аузына түскен төртінші жігіттің жағдайы әлі де аса ауыр деп бағаланып отыр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана