ШҚО-да қызыл су бірнеше көпірді шайып кетті

03.04.2024 00:05

Республикалық маңызы бар трассаларда 5 шұғыл апаттық бригада құрылды

Almaty.tv

Қызыл су Шығыс Қазақстанға да жетті. Тасқын облыстағы бірнеше көпірді шайып, Омбы-Майқапшағай халықаралық маңызы бар жолын басқан. Топан суға тосқауыл бола алмаған Қараөткел ауылы жан жағынан қоршалып, өркениеттен ада қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл қыста шығыста рекордтық қар мөлшері түсіп, Марқакөлде тіпті төтенше жағдай жарияланған. Жол қозғалысы қиындап, қалың қар құрсауында адамдар ғана емес, жылқылар да қалып қойған.

Самар ауданында, Алтай, Марқакөл, Күршімде әлі де қар жатыр. Өңірде тасқыннан зардап шеккендер де бар. Топтерек ауылының жанындағы көпір бұзылып, тұрғындар қайықпен қатынауға көшкен. Ал Қараөткелде құтқарушылар мен билік өкілдері елдімекенге су жібермеу үшін жолды бұзуға мәжбүр болды. Енді тұрғындар ауылынан тыс ешқайда шыға алмай отыр.

– Қазіргі уақытта қауіп толық жоқ деп айтуға болмайды. Тауда, сайда қалың қар жатыр. Оның биіктігі - 40 см, ал «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша 63 см жер қатқан, – деді Самар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әсет Сейілқұмаров.

Таудан аққан ағын су Зайсан мен Тарбағатай аумақтарына зиянын тигізді. Наурызда еріген қар көшелерге өтсе, қазір ол тасжолдарды бұзып жатқан көрінеді. Топан су зардабынан тұрғындар төрт тәулік бойы үйіне, тіпті облыс орталығына жете алмай отыр.

– Жолдарды қалпына келтіруге 5 мың тоннадай тас төктік, 1800 тонна қиыршық тас, 1200 тонна құмды-қиыршықтасты қоспа кетті. Бұл - өте қажетті, маңызды жол. Себебі ол жол жабылып қалса, ауыл адамдары Бұқтырма, Алтай жақпен айналып жүруге мәжбүр болады, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Жалпы биыл Омбы-Майқапшағай тасжолында 13 көпір салынады деп жоспарлануда. Бұл еріген суға төтеп беруге мүмкіндік туғызбақ.

– Облыс бойынша тек осы аймақта мәселе бар. Мамандар мониторинг жүргізіп, тасжолды жиі тексеріп тұрады. Қауіптің бар-жоғын мердігерлік ұйымдарға уақытылы хабарлаймыз, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының директоры Ержан Аязбаев.

Облыста тасжолдарды топан судың қатерінен сақтап, алдын алу үшін қарқынды жұмыс жүргізілуде. Республикалық маңызы бар трассаларда 5 шұғыл апаттық бригада құрылды.

Аяулым Көлжігіт, Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО

Оқи отырыңыз: Қарғын су: ел аумағында қауіп сейілді ме