Қарғын су: Ақтөбе облысында 500 отбасына өтемақы төленді

12.04.2024 00:24

Ойыл ауданында тасқын салдарынан 340 үйге залал келген

Almaty.tv

Су тасқыны салдарын жою үшін Ақтөбе облысына 10 миллиард теңге бөлінді. Облыстық мәслихаттың мәліметінше, зардап шеккен 500 отбасына 162 миллион теңге көлемінде өтемақы төленген. Сондай-ақ баспанасынан айырылғандар үшін Ойыл ауданында инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген 200 жер телімі дайын. Ал өз үйімде қаламын деген азаматтардың тұрмысын реттеуге көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір ғана Ойыл ауданында тасқын салдарынан 340 үйге залал келген, оның 49-ы әлі су астында. Табиғи апат кезінде толығымен бүлінген Екпетал және Жаңабас елдімекендерінің тұрғындары жаңа үй салып берсе, аудан орталығына біржола көшуге әзір екенін айтып отыр. Қазір онда зардап шеккендер үшін баспана салуға жер телімдері берілген. Сондай-ақ жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, онда балабақша мен 1500 орындық мектеп бой көтереді.

– Осы аймаққа газ, ауыз суы және электр энергиясы келіп тұр. Баспана саламыз, – деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.

Ал су астында қалған Берсиев ауылында тасқыннан аман қалған үй жоқтың қасы. 236 баспананың шамамен 20-сы ғана тұруға жарамды. Табиғи апаттан келген шығын есептеліп жатыр.

– Шаңырағымызды дұрыстап реттеп берсе дейміз. Жан-жақтан көмек беріп жатыр. Тамақ, киім-кешек, көмек келіп жатыр. Бірақ өз үйіңе жетпейді, – деді Берсиев ауылының тұрғыны Майра Избасова.

Әзірге әйелдер мен балалар облыс орталығына көшірілген. Қиындықтарға қарамастан, тұрмысын қалпына келтіру үшін жұрт бір-біріне жәрдемдесіп келеді. Жақын арада тұрғын үй салатын құрылыс компаниялары анықталмақ. Ауыл тұрғындарына мал шығыны үшін өтемақы төленеді. Ал жануарлардың өлексесін жою мақсатында елордадан арнайы құрылғы әкелінді.

Гүлмарал Изатқызы, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылық кәсіпкерлер су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жөнелтті