Алматыда жолаушыларды қаладан шығарып жүрген такси жүргізушісі ұсталды

11.04.2020 23:18

Жолаушыларды карантин аймағынан заңсыз шығарып жүрген топтың әрекеті әшкереленді

Фото: ашық дереккөзден

Алматы полициясы жекелеген такси жүргізушілерінің жолаушыларды карантин аймағынан заңсыз шығарып жүрген әрекеттерін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл топ құрамында Алматы қаласы мен Алматы облысының шекарасында орналасқан екі жеке үйдің таксистері мен тұрғындары бар екені анықталды. Ер адамдар азаматтарды қаладан облысқа және кері қарай тасымалдау схемасын жасап, сол бойынша әрекет еткен.

«Заң бұзған топтың әрекетін шартты түрде түсіндіріп өтсек, мәселен, такси жүргізушілерінің бірі қаладан клиент алып, оны Алатау ауданындағы Теректі ықшамауданында орналасқан жеке үйге алып барады. Клиент одан әрі жаяу жүріп, ауладан өтеді, содан кейін жалпы қақпадан Алматы облысының Қарасай ауданы Көксай ауылында орналасқан тағы бір жеке ғимараттың ауласына кіреді. Жолаушыны қақпаның ар жағында тағы бір такси жүргізушісі күтіп тұрады және ол клиентті діттеген жеріне жеткізеді. Мысалы, жүргізушілердің қызметі Талғарға, 8 мың теңгеден жоғары. Ал екі көршінің өз арасында келісімі бар. Бір адамның бір бағытта өтуі үшін олардың әрқайсысы 3 мың теңгеден алып отырған», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков. 

Өткен түнде «транзиттік бизнестің» барлық қатысушылары ұсталды. Олардың әрқайсысының әрекеттеріне заңға сәйкес шаралар міндетті түрде қабылданғаннан кейін құқықтық баға беріледі.