Футбол қақпасы бас қаладағы №10 мектептің спорт алаңында орнатылған
Астанада мектеп ауласында көз жұмған 10 жастағы жеткіншектің өліміне қатысты мектеп директоры түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10 жастағы баланың үстіне құлап кеткен футбол қақпасы бас қаладағы №10 мектептің спорт алаңында орнатылған. Білім мекемесінің басшысы ондағы құрал-сайманның талапқа сай орнатылғанын айтты. Ойын баласы футбол қақпасының торын тартып қалған кезде, таудай темірдің астында қалған көрінеді.
– Кешкісін бала осында келіп, футбол ойнайды. Бірге ойнаған балалар да көрген. Жедел жәрдем көлігі келді. Дәрігерлер келгенше, мектеп күзетшісі алғашқы көмек көрсеткен. Тергеушілер де келді, – дейді №10 мектеп-гимназиясының директоры Бақытжан Орынбаев.
Қайғылы жайттан кейін елдегі барлық мектептің спорт алаңы мен құрал-жабдықтары толықтай тексеріледі. Бұл туралы еліміздің Бас мұғалімі Ғани Бейсембаев айтты. Қолданыстағы нысандардың талапқа сай болуы мен орналасуын қадағалайтын арнайы жұмыс тобы құрылмақ.
– Тек қана бұл жағдай емес, елдегі барлық аймақта ойын алаңындағы құралдар нақты орнықтырылғаны туралы тексеру қажет. Қазақстандағы мектептің барлығын қарауға тапсырма беріліп отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жазатайым жағдайдан соң қылмыстық іс қозғалды. Қалалық полиция департаментінің ақпарынша, қазір оқиғаның мән-жай анықталып жатыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Шымкентте каналдан екі баланың мәйіті табылды