Авиациялық апаттың себептері мен бір типті әуе кемелерінде оларды болдырмау жөніндегі алдын алу шараларының кешені өткізілгенге дейін шектеулер енгізілді
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев опат болғандардың отбасыларына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазақстанның әскери қызметшілері әрқашан антына адал, сондай-ақ Отанына шексіз беріле қызмет етуде. Жастарымыздың мезгілсіз қаза болуы қабырғамызды қайыстырды. Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын» делінген жеделхатта.
Ал Қазақстанның қарулы күштері МИ-8 тікұшағын пайдалануды тоқтатты. Шектеу Қызылорда облысында болған әуе апатының салдары анықталғанша жалғасады. Біз азаматтық авиация ардагерінен МИ-8 тікұшағы туралы сұрап көрген едік.
«Бұл тікұшақ өзін жақсы жағынан көрсеткен техника құралы. Ол Америка Құрама штаттарында, Африка, Малайзия, Жапония сияқты елдерде де пайдаланылады. Өзім қаншама рет осы тікұшақпен ұштым. Техникалық сипаттамасы жағынан керемет тікұшақ. Апатқа келер болсақ, бәрі болуы мүмкін. Басқару мүмкін болмай қалуы мүмкін, өрт шығуы мүмкін. Өйткені ұшқыштар ештеңе айтып үлгерместен жоғалып кеткен», – деді азаматтық авиация ардагері Стальбек АЛЫМҚҰЛОВ.