Қарағандыда автобусқа соғылған жеңіл көліктің жүргізушісі көз жұмды

16.11.2021 23:01

Автобус жолаушылары ешқандай жарақат алған жоқ

Almaty.tv

Қарағанды қаласының маңында соңы өлімге әкелген жол апаты болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағанды – Сарань – Шахтинск тасжолында «Ниссан Санни» автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, ішінде 5 жолаушысы бар «Паз» маркалы автобусқа соқтығысқан. Соның салдарынан «Ниссанның» жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Оның мүрдесін құтқарушылардың көмегімен алып шыққан.  

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ниссан» автокөлігінің жүргізушісі алған дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Автобус жолаушылары ешқандай жарақат алған жоқ. Аталған факт полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.