2024 жылғы 14 маусымда сағат 23:00-ден 15 маусым күнгі сағат 9:00-ге дейін Алматы қаласының Бостандық ауданында Гагарин даңғылы бойынша Березовский көшесінен Байқадамов көшесіне дейін автокөлік қозғалысы жабылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қозғалыс екі жаққа да жабылады. Аталған көше сегментінің жүріс бөлігінің астынан өтетін 1984 жылы пайдалануға берілген, жалпы ұзындығы 1220 метр құбырды реконструкциялау учаскесінде жоспарлы жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер енгізіледі.
Бұл құбыр 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жеке үйді, 4 балабақшаны, 2 денсаулық сақтау объектісін және 27 өзге де нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Аталған тұтынушыларға реконструкция жүргізу кезеңінде ыстық сумен жабдықтау сақталады.
Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап және көрсетілген учаскені айналып өту жолдарын алдын ала қарастырған жөн.
Дереккөз: «Алматы жылу желілері» ЖШС