Қызылордадағы тікұшақ апатының орын алуына әуе техникасындағы тетіктің кенеттен істен шығуы себеп болуы мүмкін. Мұндай алдын-ала болжамды 37 жыл ғұмырын ұшу саласына арнаған тәжірибелі маман айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күрделі ауа райында дәл осы тікұшақпен талай рет тапсырмалар орындалған. Апатқа ұшыраған әуе техникасының күрделі жөндеуден өткені де белгілі болды.
«Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл тікұшақ 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. 2022 жылға дейін ұшуға жарамды, күрделі жөндеуден кейін 8 жыл кепілдік берілген. Тікұшақтың қолдану мерзім уақыты әлі көп болған», – деді отставкадағы полковник Тәңір ШАРИПОВ.
МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауы 27 наурыз күні орын алған еді. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында құлаған тікұшақ Ақтаудан Шымкент қаласына ұшып шыққан. Апаттан борттағы 13 әскери қызметкердің бәрі қаза тапты.
«Егер мен экипаж командирі болсам, бортта жолаушылар болғандықтан, құлар алдындағы тікұшақты тастамас едім. Себебі, командир мен экипаж мүшелері жолаушылар өміріне жауапты. Менің ойымша, олар қауіпсіз жерге қонуға тырысқан, бірақ ол мақсат орындалмады», – дейді Тәңір ШАРИПОВ.