Балқашта өрттен аман қалған 2 баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін

Балқашта өрттен аман қалған 2 баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін
Жалынға оранған үйдегі 4 және 5 жастағы екі баланы өрт сөндірушісі құтқарып қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балқаш стансасында екі бүлдіршін тірідей жанып кете жаздады. Абырой болғанда, түтіннің иісін көршілері сезіп, төтеншеліктер жеткенше шығарып алыпты. Жалынға оранған үйде 4 және 5 жастағы екі бала ғана болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балқаш стансасындағы тұрғын үйдің екінші қабатынан өрт түс ауа шыққан. Ыстың иісін сезген көршілер сол мезетте өрт сөндірушілерді шақырыпты. Арсен Түсіпбеков іште балалардың барын ести сала, пәтердің терезесі арқылы кіріп, оларды құтқарып үлгеріпті.

«Асхананың терезесі арқылы кіріп, балаларды алып шықтым. Жылап шаршаған екен, айқайлай да алмайды. Түтінге тұншығып қалса керек. Есіктің алдында ары-бері жүр екен», – деді Арсен ТҮСІПБЕКОВ.

Алдын ала мәлімет бойынша өрт жатын бөлмеден шыққан. Онда балалар тоқпен ойнапты. Нәтижесінде, жиһаздар мен заттар қызыл жалынға оранған. Өрт сөндірушілер пәтерден тұрғын үйлерде қолдануға болмайтын газ баллонын анықтады.

«Аталған оқиға бойынша тексеріс жұмыстары басталып кетті. Өрттің шығуына балалардың шалалығы себеп болуы мүмкін. Осы орайда тұрғындарға кішкентай балаларын жалғыз қалдырмауды ескертеміз. Ал ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін де қарастырамыз», – деді мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің басшысы Олег ГРАБОВСКИЙ.

Өрт кезінде бүлдіршіндердің ата-анасы жұмыста болған. Оқиға орнына келген соң, ыс тиген бүлдіршіндер ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Азамат Әуезхан, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров