Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен мыңға жуық отбасы 300 мың теңгеден бір реттік өтемақы алды. Мамандар табиғи апат келтірген шығын көлемін әлі есептеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Су тасып, өңірдегі ахуал қиындағалы Виталий Гельвихтің де үйінен береке қашқан. Жиһаздар мен техника жарамсыз болып қалып, ыдыс-аяқ пен өзге керек-жарақ та қираған. Азамат сыз тартқан үйде қалай өмір сүретінін елестете алмайды.
– Үйге 30-40 см су кірді. Үш ұлым, келіншегім, бесеуіміз тұрамыз. Барлық жиһаз зақымданған, жарамайды. Су тартылды, – деді қала тұрғыны Виталий Гельвих.
Ақтөбе маңындағы «Жеміс» кооперативінде де күні кеше дауыл соғып өткендей бәрі астаң-кестең күйде жатыр. Бірақ шығын көлемін есептейтін комиссия келмейінше, табиғи апаттан зардап шеккендер дәрменсіз.
– Жарты сағаттың ішінде су тізеден асты. Халықты құтқарушылар құтқарып қалды. Үйді, мүлікті су басты. Қабырғалар жарылып, қисайып құлап жатыр, – деді қала тұрғыны Қаламқас Қолдасбаева,
Тек Алматы ауданының өзінде шамамен 100 саяжай су астында қалып, табиғи апаттан келген шығынды өтеу үшін 2 мыңға жуық арыз түскен. Техникалық тексеріске тәуелсіз сарапшылар да білек сыбана кіріскен. Оны сәуірдің соңына дейін аяқтау жоспарланған.
– Арнайы комиссия 4-5 күнде бәрін аралап өтеді. Артынша техникалық тексеру мен бағалаушылар келеді. Олар да 500-ден аса үйді тексерді, – деді Алматы ауданының әкімі Асланбек Сүйіншәлиев,
Соңғы мәліметтерге сенсек, өңірде 2 мыңға жуық үйді су басқан. Зардап шеккендерге осы уақыт аралығында 300 тонна гуманитарлық көмек жиналған. Эвакуацияланғандар жатақханалар мен интернаттарға орналастырылған.
Гүлмарал Изатқызы, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбеден
Оқи отырыңыз: СҚО-да су басқан үй саны 2 мыңнан асты