СҚО-да су басқан үй саны 2 мыңнан асты. 10 мыңға жуық тұрғынды көшіруге тура келген. Бүгінде Петропавлдың өзінде бірнеше аудан мен баспаналарға су кірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда қарғын су бір күнде ықшамаудандағы 600-ден астам үйді басқан. Қазір ол маңды тәртіп сақшылары түгел қоршауға алып, қауіпсіздік шарасын күшейткен. Мүлкі зардап шеккендер үй-жайға жете алмай жатыр. Тұрғындардың айтуынша, баспанадағы бағалы заттың бәрі суға кеткен.
– Үй су астында қалды. Ішіндегі жиһаз да, техниканың барлығы суға батып кетті. Ауладағы итім өлді. Құрғақ кезде шығара алмадым. Бір-бірімізге қарап жүретін уақыт та болмады. Бар дүниемнен айырылдым, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Космык.
Жығылғанға жұдырық демекші, су басқан сәтте петропавлдықтар тіршілік нәрінен де үзілген.
– Біз екінші бастауды іске қостық. Барлық аудан суға қосылған. Бүгінде қажетті мөлшерде жиналып жатыр. Толғаннан кейін ауыз су тоқтаусыз беріледі. Ол түгел тексерілген, ішуге арналған, – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу мақсатында бақылау бар көрінеді. Жауапты мекемедегілердің хабарлауынша, қорда 9 мың тонна өнім бар. Ол азық-түлік алдағы 4-5 айға жетуі тиіс.
– Картоп, пияз бен сәбіз, қант пен тұз, күріш те бар. Қордағы азық-түлігі 34 дүкенде, сондай-ақ Петропавлдың базарларында сатылып жатыр, – деді «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гамали Жумашов.
Қарғын суға байланысты аймақтағы кейбір тасжолдар жабылған. Арналардың маңында құтқарушылар мен полицейлер кезекшілік етуде. Тасқын басталғалы Петропавлды қосқанда, солтүстікте 17 елдімекенді су басты.
Оразай Нұртайұлы, Нүргүл Алина, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Атырау облысында су тасқынына қарсы іс шаралар жалғасуда