Екібастұздағы апат: Иесіз қалған үйлер де анықталып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Энергетика министрлігі апат салдарынан электр энергиясына қосымша күш түсіп жатқанын хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі барлық жылу инфрақұрылымдарына тексеріс жүргізілсін. Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қарамағындағыларға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал Екібастұздағы жағдайды реттеп, үйлерді жылуға қосу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Бүгін Үкімет отырысында Әлихан Смайылов Энергетика және индустрия министрлігіне «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды. Ол өндірістегі оқиғаға себеп болған барлық түйткілді тез арада шешу керегін айтты.  

«Қыс басталмай жатып осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс. Энергетика және индутрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит жүргізіп, Үкіметке тиісті ақпаратты енгізсін. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру қажет», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов

Енді Екібастұздағы жағдайдан кейін өзге өңірлердегі жылу инфрақұрылымдарының қаншалықты тозғанына талдау жасалып, жылу жүйелеріне тексеріс жүргізілмек. Сондай-ақ Премьер-министр өңір әкімдеріне тиісті министрліктермен бірлесіп, меншік иелерімен жұмыс істеуді, тарифтерді инвестицияға айырбастауды қолға алуды, коммуналдық құралдарды жөндеуге бөлінетін қаржыны қатаң бақылауға алуды бұйырды. Ал ақау шыққан нысанда қазір жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Екібастұздағы жағдай менің назарымда. Күнде не болып жатқаны туралы ақпарат алып отырмыз. Қазіргі уақытта ауруханаларда қанша адам жатыр, перзентханаларда қанша әйел бар, қанша бала жатыр, температура қандай, ауа райы қандай. Жағдай қиындап, мұқтаждық туса - Павлодарда ауруханалар дайын, сол себепті Үкімет әлеуметтік жағынан бүкіл шаруаны реттеп, дайындап қойды», – деді ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Үкімет отырысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бүгін таңертең тағы 25 көпқабатты тұрғын үй мен 90 жекеменшік үй жылуға қосылмай қалғанын мәлімдеді. Сөзінше, бұл үйлерде ыстық су бар, алайда ішкі жылу жүйелері істен шыққан. Оларды жою үшін қазір 23 бригада басқа қалалардан көмекке тартылыпты. 1200-ге жуық тұрғынға жылыту құралдары беріліпті.  

«Бригадалар құрылып, олар қазір жылу жүйесін реттеумен, жылу қондырғыларын жөндеумен айналысып жатыр. Сондай-ақ иесіз қалған үйлер де анықталып жатыр. Ондағы жағдай туралы ақпарат жиналып жатырмыз. Бұл қызметтің барлығы тегін жасалып жатыр», – деді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук.

Әкімдіктегілердің ақпарынша, қазір Екібастұздың жылу электр орталығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек қала тұрғындарына арналып көмек көрсету пунктері ұйымдастырылып жатыр. Онда шығынға ұшыраған азаматтар ыстық тамақ, демалыс орындарымен қамтылады. Сондай-ақ үйге келген залалды есептеу үшін тұрғындар қала әкімінің атына өтініш жазуы тиіс. Ал аймақтағы жағдайға алаңдаушылық білдірген ел гуманитарлық көмек беруді бастаған. Мәселен Астанадан Аманат партиясы қиын жағдайда қалған азаматтарға мыңнан аса жылытқыш құрал мен көрпелер жөнелтті.

«Зардап шеккен тұрғындарға AMANAT партиясы әлеуметтік көмек көрсететін болады. Қазіргі уақытта ең қажет болып жатқан жылытқыш құралдар, жылы көрпешелер жиналды», – деді AMANAT партиясы қалалық филиалының жауапты хатшысы Берік Жәкенов.

Алайда бүгін Энергетика министрлігі апат салдарынан электр энергиясына қосымша күш түсіп жатқанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, қала бұған дейін күніне 32 мегаватт энергия тұтынып келсе, жылу ажыратылған кезде тұтыну көлемі 52 мегаваттқа жетіпті.  

Назкен Еркін, Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров