Түркістан облысының тумасы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жеке қауіпсіздік департаменті Қызылорда және Түркістан облыстары бойынша Департаменттермен бірлесіп, алаяқтық әрекет жасады деп күдікке ілінген азамат М.Т. Ташовтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды. Ол өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерімін деп таныстырып, ескі үлгідегі жасанды қызметтік куәлікті қолданған, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«14 мамырда Ташов өзін Арман Иманбаев деген ойдан шығарылған есіммен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, азамат М-нің телефонын алаяқтық жолмен иемденген. Кейін күдікті жасырынып, қашып кеткен», - делінген ақпаратта.
Зардап шегуші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарласады. Оның өтініші ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркелді.
Сол күні сағат 22:00-де жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Түркістан қаласына кіреберісте Жетісай ауданының тумасы, жұмыссыз Мейірхан Теміртайұлы Ташов ұсталды. Одан өзінің фотосы жапсырылған, бірақ ойдан шығарылған офицер есімі жазылған жалған қызметтік куәлік тәркіленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері төмендегі фотодағы адамның заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды ведомствоның 1424 Call-орталығына хабарласуын сұрайды.