Алматы облысының жол сақшылары 2020 жылы облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жасап, көлік апаттарының басты себептерін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы алты ай ішінде облыста 800-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 28,2 пайызға төмендеген.
«Автожолдардағы көлік апаттарының алдын алу мақсатында биыл орын алған барлық жол-көлік оқиғаларына толыққанды талдау жасалды. Талдау нәтижесінде көлік апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы. Жылдамдықты арттыру салдарынан 218 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 41 адам қаза болды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы, дұрыс маневр жасамау және жолдың қарсы бағытына шығу әрекеттері көлік апаттарын жасауға негізгі себептер тудыруда», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Жол ережелерін өрескел бұзған жаяу жүргіншілердің де, қозғалыс барысында жаяу жүргіншіге тиісті басымдық бермеген жүргізушінің де әкімшілік жауапкершілігі қаралатыны анық.
«Биыл жол ережелерін сақтамаған 7 429 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылса, 1200 астам көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіге басымдық бермегені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл арқалады», – деп толықтырды полицияның ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.